Бағалау құжаттары

Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау процесі мен методологиясы

Бағалау жүйесі – мемлекеттік органның тиімділігі және оған әсер ететін факторлар туралы ақпарат жинауға бағытталған іс-шаралар кешені.

11

Бағалау жүйесінің міндеті мемлекеттік орган жұмысының тиімділігін бірқатар нақты көрсеткіштерге бөлуден және оның жұмысын жыл өткен сайын осы көрсеткіштер бойынша қадағалаудан тұрады. Бұл ретте, жұмыс тиімділігі көрсеткіштері әртүрлі мемлекеттік органдар үшін – салалық министрліктер, агенттіктер, облыс әкімдіктері үшін біріздендірілген болуы тиіс. Мысалы, құзырет салаларындағы айырмашылыққа және басқару деңгейіне қарамастан, кез келген тиімді мемлекеттік орган алдында тұрған стратегиялық мақсаттарды толық көлемде орындауы, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуі, өз персоналын дамытуы және реформалардың іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс.

Жыл сайынғы бағалау мемлекеттік органдардың тиімділігін анықтау және нәтижелерін салыстырумен қатар, олардың жұмысын жүйелі түрде жақсартудың пәрменді құралына айналғанын атап өткен маңызды. Мысалы, бағалау жылдарында мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдерін бұзушылықтар айтарлықтай азайды, автоматтандырылған қызметтердің үлесі едәуір өсті, қаржылық тәртіп, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және заң жобаларын талқылауға тұрғындардың қатысуы артты, мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеуі төмендеді.

Операциялық бағалау үш блок бойынша жүргізіледі:

icon 1

Мақсаттарға қол жеткізу

icon2

Мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл

icon3

Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы

«Мақсаттарға қол жеткізу» блогы шеңберінде стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу, бөлінген бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі, сондай-ақ орталық деңгейде бюджет пен мақсаттар арасындағы өзара байланыс және жергілікті деңгейде қаржылық тәртіп бағаланады. Сонымен қатар стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың сапасына да назар аударылады: мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізуден басқа, индикаторлардың жоспарлы мәндерін асыра орындау мен түзету және олардың нақты орындалу серпіні ескеріледі. Бұдан басқа, 2019 жылдан бастап Азаматтық бюджетті орналастыру және «халық қатысатын бюджет» көмегімен оны қалыптастыруға жұртшылықты тарту арқылы бюджеттік ақпараттың қолжетімділігі бағаланады.

«Мемлекеттік органның заңды және жеке тұлғалармен өзара іс-қимылы» блогы мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын және келіп түскен өтініштердің қаралуын, сондай-ақ мемлекеттік органның ашықтық дәрежесін бағалайды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау оларды көрсету кезінде мерзімдер мен құжат тізімдерін сақтауды, олардың сапасына халықтың қанағаттануын және мемлекеттік қызметтердің автоматтандырылуын ескереді. Өтініштерді қарау бөлігінде азаматтар мен заңды тұлғалардың шағымдары мен арыздарына жауаптардың уақтылы берілуі, өтініштердің мемлекеттік органдарға алғаш түскен кездегі олардың қаралу сапасы бағаланады. «Мемлекеттік органның ашықтығы» бағыты шеңберінде талдаудың нысанасы –  «Ашық үкімет» порталдарындағы мемлекеттік органдардың жұмысы, соның ішінде қажетті деректердің уақытында толтырылуы және азаматтардың сұрауларына, пікірлері мен ұсыныстарына жауап бері.

«Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы» блогы бойынша бағалау мемлекеттік органдардың ішкі процестеріне: персоналды басқару сапасына және ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігіне бағытталған. Персоналды басқаруды бағалау кезінде мемлекеттік қызметшілердің еңбек жағдайына қанағаттануы (пікіртерім), кадрлардың таза ауыспалылығы, меритократия және гендерлік теңдік қағидаттарының сақталуы ескеріледі. Ақпараттық технологиялардың қолданылуын бағалау шеңберінде мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру, ақпараттық жүйелердің интеграциялануы, архитектуралық порталды ақпараттық ресурстар туралы мәліметпен толтыру, сондай-ақ оларда қамтылған мәліметтердің өзектілігін қамтамасыз ету жұмыстары талданады.

Бағалау жүйесінің әдіснамасы қалай әзірленеді?

Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру аясында енгізілді. «Мемлекеттiк басқару жүйесiн жаңғырту жөнiндегi шаралар туралы» ҚР Президентінің 2007 жылғы 13 қаңтардағы № 273 Жарлығына сәйкес, жүйенің тиімділігі мемлекеттік органдар жұмысын кешенді бағалаумен де қамтамасыз етіледі.

2010 жылы Мемлекет басшысы «Орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» № 954 Жарлыққа қол қойды.

Бағалау жүйесінің әдіснамасын әзірлеу кезінде көптеген елдердің тәжірибесі зерделенді, нәтижесінде Канададағы мемлекеттік органдарды бағалаудың әдіснамалық моделі негізге алынды.

Аталған жылы мына мемлекеттік органдарға пилоттық бағалау жүргізілді: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі және Ақмола облысының әкімдігі. 2011 жылы 40 мемлекеттік орган бағаланды.

Бағалау әдістемелерін жыл сайын операциялық бағалауға уәкілетті органдар Президент Әкімшілігімен және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен келісе отырып, қайта қарайды және бекітеді. Әдістемелерді қалыптастыру барысында барлық мүдделі тараптар мен Бағалау жүйесіне қатысушылардың, соның ішінде бағаланатын мемлекеттік органдардың ұсыныстары да ескеріледі.

Бағалау өлшемшарттары қалай және неліктен өзгереді?

Бастапқы енгізу сатысында (2010-2011 жж.) бағалау негізінен мемлекеттік органдардың ішіндегі процестеріне назар аударылды. Мысалы, стратегиялық жоспарлауды бағалау кезінде, ең алдымен, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу сапасы, мақсаттар, міндеттер және нысаналы индикаторлар саны, олардың бір-бірімен байланысы ескерілді. Мемлекеттік қызметтерді бағалау қызмет көрсету рәсімдері мен стандарттарына, мерзімге, сұратылатын құжаттардың санына және т.б. бағдарланды.

2015 жылы «Мемлекеттік органдарды құқықтық қамсыздандыру» және «Ел басшылығының актілері мен тапсырмаларын орындау» бағыттары көрсеткіштердің шектік мәндеріне жетуіне байланысты алынып тасталды, нәтижесінде бағыттардың саны 5-ке дейін азайды.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу бойынша 93-қадамын іске асыру аясында мемлекеттік органдарды бағалаудың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель көптеген ішкі рәсімдерді бағалаудан бас тартып, нәтижелерді бағалау және мемлекеттік басқарудың негізгі реформаларын қолдауға бағытталды. Бұл ретте мемлекеттік орган жұмысының нәтижесі ретінде стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізу де, сол сияқты азаматтарға қызмет көрсету де қарастырылуы тиіс.

22

Бағалау әдістемелері серпінді және мемлекеттік органдардың ағымдағы міндеттеріне бейімделеді. Мысалы, 2015 жылға қарай барлық мемлекеттік орган 100% мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын әзірледі және мұндай өлшемшарт бойынша бағалау тоқтатылды. Тағы бір мысал – 2016 жылғы бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға тапсырылған, 2017 жылы мемлекеттік қызметтерді бағалауға «жасырын» қызметтерді анықтау бойынша жұмыстарды қадағалау үшін Тізілімді кеңейту өлшемшартын енгізу. Сондай-ақ, Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2019 жылы персоналды басқаруды бағалауға басшылық лауазымға тағайындау кезінде гендерлік теңдік қағидаттарын сақтау көрсеткіші енгізілді.

Осылайша, бағалау өлшемшарттары мен көрсеткіштері мемлекеттік органдардың ағымдағы міндеттеріне сәйкес үнемі түзетіледі және негізгі реформаларды іске асыруды «сүйемелдейді».

Бағалау процесі

Бағаланатын кезең аяқталғаннан кейін бағалауға уәкілетті органдар мемлекеттік органдардың есептік ақпаратын жинайды және талдайды. Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде анықталған мемлекеттік органдарда ұсынылған деректердің толықтығы мен нақтылығы тексеріледі. Әрі қарай бағалауға уәкілетті органдар бағалау нәтижелері бойынша алғашқы қорытындыларды дайындайды, ал бағаланған мемлекеттік органдар растайтын құжаттарымен бірге қарсылықтарын жібере отырып, оларға шағымдана алады.

Шағымдарды қарау нәтижесінде блоктар бойынша түпкілікті қорытындылар жасалады, олар бағаланатын мемлекеттік органдар мен Есеп комитетіне, содан кейін Президент Әкімшілігіне жіберіледі.

Бағалаудың негізгі нәтижелері мен мемлекеттік органдардың қызметі туралы жүйелік тұжырымдар Бағалау жөніндегі комиссияның сараптамалық қорытындыларында көрсетіледі, содан кейін бағалау нәтижелері Мемлекет басшысына ұсынылады.

Жалпы, бағалаудың негізгі кезеңдері шамамен 6 айға созылады, содан кейін тапсырмалардың орындалуын мониторингілеу, нәтижелерді жариялау және бағалау әдістемелерін жетілдіру жүзеге асырылады.

met3